kenzhegali-sagadiev

Халықаралық бизнес университеті 2020 жылдың 25 шілдесінде ғылым саңлағы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев өмірден өзғанын қайғырып хабарлайды.

Кенжеғали Сағадиев 1938 жылы 18 ақпанда Қостанай облысының Жангелді ауданының Ақкөл ауылында туған.

Аталмыш облыстың Семиозер (қазіргі Әулиекөл) ауданының қазақ орта мектебін бітірді (1955ж.), С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Аль-Фараби атындағы Ұлттық университет) экономика факультетін бітірді (1960ж.), Г.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылық институтының аспирантурасында оқып, бітірді (1966ж.).

К.Ә.Сағадиев – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (1994 ж.), Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ғылым мен техника қайраткі, 5 ірі жоғарғы оқу орындарына басшылық етті. Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының бас ғылыми хатшысы (1990-1992ж.) және президентіне сайланды (1994-1996ж.). Қазақстан Республикасының Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттігінің директорлар кеңесінің Төрағасы (2012-2014ж.).

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші (2004-2007ж.) және төртінші (2007-2011ж.) шақырылымының депутаты болып сайланды және де Мәжілістің Қаржы және Бюджет Комитетінің төрағасы болды.

Академик К.А.Сағадиев — Халықаралық бизнес университетінің негізін қалаушысы (1992 ж.). Университетте жұмыс істеген жылдары ол өзінің ғылыми мектебін құрып, ел экономикасы үшін жоғары білікті кадрлар даярлады. Кенжеғали Әбенұлы 445-тен астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде 20 монография мен оқулықтардың авторы. Оның баспасөз бетіндегі мақалалары оқырмандарға кеңінен таныс. Соңғы жылдары Сағадиев К.Ә. университеттің құрметті президенті қызметін атқарып, ғылыми еңбегін және жас кадрлармен жұмысын жалғастырды.

Ғалым-экономист ретінде академик К. Ә.Сағадиевті, оның ғылыми еңбектерін шет ел ғалымдары біледі. Нью-Йорк академиясының мүшесі, Америка ғалым-экономистер ассоциациясының мүшесі (1996ж.), Пәкістан Ғылым академиясының академигі (1997ж.), Халықаралық Жоғарғы мектеп академиясының академигі (1997ж.).

Академик К.Ә.Сағадиевтің еңбегін мемлекет, қоғам жоғары бағалады. Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, Парасат, ІІ дәрежелі Барыс, Отан ордендерінің иегері.

Халықаралық бизнес университеті Кежағали Әбенұлы отбасының орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Ғалым-экономист, жоғары білім мен ғылымның көрнекті ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері және жанашыр, кең ойшыл тұлға Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің жарқын бейнесі әріптестері мен достарының жүрегінде мәңгі сақталады.
Халықаралық бизнес университеті ұжымы.